Ревакцинация жүргізуге байланысты жаңа қаулы бекітілді

Автор: Azattyq Rýhy

Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енуі тиіс

Фото ашық дереккөзден

Қазақстанның мемлекеттік санитар дәрігерінің міндетін атқарушы Айжан Есмағамбетова ревакцинациялауға қатысты жаңа қаулыға қол қойды.  Қаулыға сәйкес 22 қарашадан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында ревакцинация жүргізілуі керек.

 Ревакцинация мынадай аралықтарды сақтай отырып жүргізіледі:

– векторлық вакциналарды енгізгеннен кейін – 9 айдан соң;

– белсенділігі жойылған вакциналарды және м-РНҚ-вакциналарды енгізгеннен кейін – 6 айдан соң.

Ревакцинацияны коронавирусқа қарсы алғашқы вакцинациялау курсына пайдаланылған вакцинамен жасауға рұқсат беріледі.  

КВИ-ге қарсы ревакцинациялауға жататын халықтың контингенттері:

– медицина қызметкерлері;

– педагогтар;

– күш құрылымдары қызметкерлері;

– медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы мен контингенті;

– 60 жастан асқан адамдар;

– Вакциналаудың аяқталған курсынан кейін КВИ-ге қарсы антиденелер анықталмаған иммунитеті әлсіреген адамдар (иммуносупрессивті терапиядағы адамдар (лейкемияны, лимфоманы және миеломаны қоса алғанда, қатты ісікті немесе гематологиялық қатерлі ісікті белсенді иммуносупрессивті емдеу немесе осындай емдеу тоқтатылғаннан кейін 12 ай ішінде), гемодиализдегі адамдар, трансплантат реципиенттері, АИТВ жұқтырған ауыр бастапқы иммун тапшылығы);

– өз бетінше тексерілген (КВИ-ге қарсы вакциналаудың алғашқы курсы аяқталғаннан кейін 28 күннен ерте емес) және КВИ-ге қарсы антиденелерге зерттеудің теріс нәтижесі бар адамдар.