Ақтөбеде бір аптада 22 мас жүргізуші анықталды
Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 830-дан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Ақтөбе облысында бір аптада 22 мас жүргізуші анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысының аумағында жүргізушілер арасында жол-көлік тәртібінің алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылғы 8-17 қараша аралығында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Шара жол қауіпсіздігіне әсер ететін «өрескел» әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған. ПД ЖПҚБ аға инспекторы Асылхан Бекбосыновтың айтуынша, жеті күнде жол қозғалысы саласында 3 900-ден астам бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде белгіленген қозғалыс жылдамдығы ережелерін бұзғаны үшін 385 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал мас күйінде көлік құралдарын басқарудың 22, қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығудың 20 дерегі анықталды, жаяу жүргіншілерге жол жүруде артықшылық бермегені үшін 185 жүргізуші әкімшілік тәртіппен жазаланды, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 830-дан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды және бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтудің 86 дерегі анықталды.