Жыл басынан бері 2,2 трлн теңгеден астам зейнетақы төленді – Еңбек министрлігі
Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 1 қарашадағы жағдай бойынша 99 804 теңгені құрады
2021 жылдың қаңтар-қазан айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 682,8 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне – 1 трлн 543,2 млрд теңге бағытталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
2021 жылдың қазан айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 221,1 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 67,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 153,2 млрд теңге бөлінді.
«2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 230 мың адамды құрайды. Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақы) 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 99 804 теңгені құрады.
Еске салайық, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер (бұдан әрі – МЗЖ) зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады», - делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің хабарлауынша егерзейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ды, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді.
«Егер бір ай ішінде МЗЖ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады», - деп жазады министрлік.
Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.