Ақтауда «мектептерге жарылғыш зат қойылды» деп жалған ақпарат таратқан адам іздестірілуде

Автор: Azattyq Rýhy

Хабарлама авторы өзі таратқан ақпарат үшін 2 млн теңге талап ететінін айтқан

Фото ашық дереккөзден

Желіде «Ақтаудағы бірнеше мектепте жарылғыш зат қойылды» деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Lada.kz.

Жергілікті  басылымның жазғанына сүйенсек, қала тұрғыны 13 қарашада әлеуметтік желі арқылы белгісіз адамнан осындай хабарлама алған. 

Кейін автор ақпаратты өшіріп тастаған, дегенмен ер адам скриншот жасап үлгеріпті. Хабарламада Ақтаудағы бірнеше мектепке жарылғыш зат қойылғаны айтылған. 

Сонымен бірге хабарламада "Ақпарат үшін 2 миллион теңге талап етемін", - деп жазылған.

Аймақтық полиция департаменті бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты. Құқық қорғаушылар оқу орындарын тез арада тексеріп, жарылғыш зат анықтамаған. Тәртіп сақшылары жалған ақпарат таратқан азаматты іздеп жатыр.  

Ақтау қаласының әкімдігі де бұл ақпараттың жалған екенін растады.  Мектептер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.