Pfizer вакцинасының негізгі партиялары әр облыс орталығында тиісті тоңазытқыштарда сақталады. Ал мектептерге нормаланған термоконтейнерлермен жеткізіледі. Өндірушілердің айтуынша, мектептердегі қарапайым тоңазытқыш камераларда өнім бір ай бойы сақталуы мүмкін. Бірақ мектепте вакцинациялау қажеттілігі неден туындады? Бұл жағдай "балаларды алып кетеді және рұқсатсыз вакцинациялайды" деп мектепке басып кірмек болған ата-аналар мен антиваксерлер арасында үлкен наразылық тудырмай ма? Егер вакцина реакция берсе, онда алғашқы медициналық көмек шұғыл көрсетілетін медициналық мекемеде вакциналаған дұрыс па? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы осы сұрақтарға жауап бере отырып, кеңестік кезеңде балалардың бәрі мектепте екпе алғанын еске салды.
«Бұл тым асыра сілтеушілік. Вакциналар пайда болған сәттен бастап оны мектепте алып жүрміз. Бізде ғана емес, бүкіл әлемде солай. Ұйымдастырылған ұжымдарда, ЖОО-да тікелей медицина қызметкері болады. Тек медицина қызметкері ғана вакцина салуға құқылы. Олар - мектептегі егу кабинеттерінде орналасқан емханалардың жауапты қызметкерлері. Әр кабинетте аттестация бар. Қажетті дәрі-дәрмек, жедел медициналық көмек жинағы болады. Әрбір медицина қызметкері алғашқы көмек көрсету ережесін біледі. Бұл вакцинацияның стандартты кестесі. Бұл алаңдайтын жағдай емес. Сонымен қатар, COVID-ке қарсы вакцина жасау принципі балалар ондаған жылдар бойы қабылдап келген басқа вакциналармен бірдей», - деп сендірді Алексей Цой.