Ол лаңкестің қолынан қаза тапқан
«Халық Қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың ерлігіне биыл 10 жыл толды. Ол қауіпті лаңкестің халыққа қарсы лақтырмақ болған гранатасын денесімен жауып қаза тапқан. Ішкі істер саласындағы полицейлерге елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп кеткен Ғазиз 2011 жылдың 12 қарашасында лаңкестің қолынан қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Тараз қаласындағы қауіпті лаңкес гранатаны халыққа қарай лақтырмақ болғанда, оны Байтасов денесімен жауып қалған еді. Жарылғыш затпен қоса лаңкесті тоқтатқан көзсіз ерлігі үшін оған «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
«Мекеменің барлық қызметкері бүгінгі күннің батыры Ғ.Байтасовты бір минут үнсіздікпен еске алды. Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов ішкі істер органына берген антына адалдық танытып, небәрі 40 жасында қауіпті террористі ұстау барысында ерлікпен қаза тапты. Бүгінде оның ерлігі Отан алдында қасиетті борышын атқарып жүрген және құқық қорғау саласында қызмет істеп жүрген әрбір азамат үшін ерліктің үлгісі. Батыр әріптесіміз осы әрекетімен қаншама бейбіт тұрғынның өмірін құтқарып қалды.
Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша ҚАЖД жеке құрамы бүгін ЛА-155/6 мекемесінде қызмет атқарып жүріп, қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан ішкі қызмет лейтенанты Айдарбек Сабырбековтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, антына адал әріптестерін де еске алды», - деді Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.
Айдарбек Сабырбеков ЛА-155/6 жасөспірімдер жазасын өтейтін мекемесінің фельдшері лауазымында қызмет еткен. 2000 жылдың 30 қарашасында түрмедегі сотталушылар жаппай қашу әрекетін ұйымдастырады. Олардың жолын кескен 26 жастағы Сабырбековті сотталғандар аяусыз қинап өлтірген.
«Оның артында үш жастағы қызы Аяулы мен үш айлық ұлы Ұлан қалды. Айдарбекті өлтіргендердің барлығы бұрынғы жазаларына тағы да 10 жылдан қосып алды. Олардың жазалары ауырлағанмен жазықсыз төгілген қан, мезгілсіз үзілген өмір, естерін білмей жатып жетім қалған сәбилердің тағдыры, бесік таянып егілген жарының қасіреті мұнымен жеңілдеген жоқ. А.Сабырбековке қаза тапқаннан кейін «ішкі қызмет лейтенанты» арнайы атағы берілді және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды», - деді департаментттің орынбасары, әділет полковнигі Ерлан Ұзақов.