Қазақстанда соңғы екі жылда бес банк жабылды
Банктерді проблемалық активтерден тазартудың тұрақты тетіктерін қалыптастыру үшін стрестік активтерді өткізудің нарықтық тетігін бекітетін заң жобасы әзірленді

Дағдарысқа қарсы шаралар негізінде 2017 жылдан бастап 8 банк лицензиясынан айырылып, олар ірі 3 банкке қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде баяндама жасаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова соңғы екі жылда елде бес банк жабылғанын хабарлады.
«Проблемалық және қайта құрылымдалған кредиттер деңгейі 2017 жылғы 40%-дан 2021 жылғы қазанға қарай 10%-ға дейін төрт есе төмендеді. Стрестік активтерді экономикалық айналымға тиімді тарту шеңберінде 2020 жылы стрестік активтерді 2026 жылға қарай 2,7 трлн теңгеден 0,9 трлн теңгеге дейін төмендету бойынша жеке іс-шаралар жоспарлары жасалды», - дейді агенттік басшысы.
Оның айтуынша, банктерді проблемалық активтерден тазартудың тұрақты тетіктерін қалыптастыру үшін стрестік активтерді өткізудің нарықтық тетігін бекітетін заң жобасын әзірледі. Заң жобасы Парламентке осы жылдың соңына дейін енгізіледі.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы