Мұндай төлқұжатпен зейнетақы, медициналық көмек алу мүмкін емес
Көші-қон қызметінің қызметкерлері жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұратын, сондай-ақ 1974 жылғы КСРО төлқұжатын уақытылы ауыстырмаған адамдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл адамдар жеке басын куәландыратын құжаттардың болмауына байланысты денсаулық сақтау, білім беру қызметтерін алу, қажетті жәрдемақылар мен зейнетақыларды ресімдеу, ресми жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ.
Жыл басынан бері 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжатымен өмір сүрген 160-тан астам адам Қазақстан Республикасының азаматтары болып танылды.
«Мәселен, Ұлан ауданының полиция бөліміне 61 жастағы ер адам жүгінді, ол 90-жылдары Украинада берілген 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжаты бойынша Қазақстанға келген. Ұлан ауданында тұрып, жұмыс істеген, отбасын құрған, балалары бар. Өрт кезінде төлқұжаты өртенгендіктен, ер адам 26 жылдан астам уақыт бойы Украинадан оның құжаттарына қатысты жауап келмегені үшін жеке басын куәландыратын құжаттарсыз өмір сүрген», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Көші-қон қызметінің мамандары Қазақстан Республикасының елшілігі арқылы Украинадан қажетті құжаттарды сұратуға жәрдем көрсетті. 29 қазанда ер адам Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алды. Енді ол үшін өзге қазақстандықтар секілді мемлекеттік қызметтерге қол жеткізе алады.
«Осыған байланысты ШҚО Полиция департаменті қандай да бір себептермен жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарға Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігін ресімдеу үшін тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінуге кеңес береді», - делінген ведомство хабарламасында.