Сәкен Бибосынов: рингтегі төреші қателескенде еш қорықпадым

Автор: Azattyq Rýhy

Спортшы тілшілерге сұхбат берді 

Бокстан Белградта өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Сәкен Бибосынов бапкерлері және командаластарымен бірге елге оралды, деп хабарлайды Olympic.kz.

«Токио Олимпиадасына алтын аламын деп барғанмын. Өкінішке қарай, ол жақтан алтын бұйырмай, қоланы қанағат тұтып келдік. Елге келген соң бапкеріммен ақылдасып, Токио шаршы алаңындағы есемді Белградта қайтарамын деп шештім. 

Токиодан оралған бойда тактикамызды өзгерттік. Дайындық жүйесіне өзгеріс енгіздік. Бұрынғыдай жарысқа шаршап бармай, дайындықты ретімен өткіздік. Міне, осының нәтижесін Белград төрінде көрдік. 

Бес кездесу өткіздім, оның ішінде, колумбиялық боксшыға қарсы өткен жекпе-жек өзіме де, бапкеріме де ұнамады. Ол Рио Олимпиадасында финалға шыққан тәжірибелі боксшы. Десе де, жеңіске жетіп, жарысты әрі қарай жалғастырдық. 

Әлем чемпионы болу маңдайыма жазылған екен. Халқымды қуанта білсем, содан артық бақыт жоқ. Финалда рингтегі төрешінің қателесіп, қарсылас қолын көтергені де бір қызық болды. Мен бұл жерде еш сасқан жоқпын, өйткені, менің жеңіске жеткенімді жүргізуші хабарлап қойған еді. Оның үстіне, бапкерлер де екі раундта ұтып келе жатқанымды айтып, үшінші раундқа қамшылап жіберді», - дейді Бибосынов.