Коллекционер 7 жылдан бері көне заттарды жинап келеді
Түркістандық тәртіп сақшысы үйінің шатырын шағын музейге айналдырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Оның коллекциясында кеңестік заманнан қалған көне заттардың түр-түрі бар. 2014 жылдан бері осы істі қолға алған Сайрам тұрғыны болашақта музейдің құжатын жасап, одан сайын кеңейтпек.
Қырық екі жастағы Сухраб Ирназаров соңғы 7 жылдан бері көне заттарды жинап келеді. Қазір мұнда мыңға жуық ескі монеталар мен өткен ғасырдағы тұрмыстық техника, телефондар мен тігін машиналары бар. Сондай-ақ фотоаппараттар мен музыкалық аспаптар, радионың 250-ге жуық түрін де көруге болады.
«Кейбір заттар ұнамай қалса, шатырға тастап отырдым. Содан 2-3 жыл өткеннен кейін шатыр толып кетті. Қайтадан жинап, сөрелерге қойып шыққанмын», - деді Сайрам ауданының тұрғыны Сухраб Ирназаров.
Коллекционер музейге келушілер ерекше қызықтап, Кеңес үкіметі заманына еніп кеткендей әсер алатынын айтады. Сүйікті ісін көргендер ықыласын білдіріп, сатып алуға сұрап та жатады екен. Қолдануға мәні қашқанымен құны қымбат бағаланған дүниені әрдайым толықтырып отырғысы келеді.
«Негізі осындай іспен айналысатынымды көп адамға айтпағанмын. Әріптестерімнің бір-екеуі көріп, байқаған. Көбіне ашық жария етпейтінмін», - дейді Сайрам ауданының тұрғыны Сухраб Ирназаров.
Әзірге Сухраб Ирназаров келушілерді көп кіргізе бермейді. Алайда музей қоры тағы да толығып, қызықтаушылары артса, көпшіліктің келуіне мүмкіндік жасаймын дейді.