Іс-шара Тұңғыш Президент Музейінде Nur Otan партиясының қолдауымен "Қазақстан мүгедектер конфедерациясы" РҚБ бастамасымен өтті
Елордада жыл сайынғы халықаралық "Жан Шуақ" қоғамдық сыйлығын табыстау салтанатты рәсімі өтті. Іс-шара Тұңғыш Президент Музейінде "Nur Otan" партиясының қолдауымен "Қазақстан мүгедектер конфедерациясы" РҚБ бастамасымен өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
"Жан Шуақ" сыйлығы "Кедергісіз Келешек" партиялық жобасы аясында тағайындалды және жыл сайын қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын мүгедек адамдарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосқан азаматтарға беріледі.
Іс-шараның мақсаты – қоғамның назарын ерекше қажеттіліктері бар адамдардың проблемаларына аудару, әлеуметтік кедергілерді жою бойынша іс-қимылдарды күшейту және үйлестіру, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтендіруге ықпал ету, олардың жеке дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашу және алға жылжуға, қоғамға пайда әкелуге ұмтылысын қолдау.
"Nur Otan" төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек атап өткендей, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау әрқашан партия жұмысындағы басымдықтардың бірі болады. Бүгінде елімізде ерекше қажеттіліктері бар 700 мыңнан астам азамат тұрады, оның 14%-ы – 18 жасқа дейінгі балалар.
"Елбасы, Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2014 жылы осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатында біз "Кедергісіз келешек" партиялық жобасын іске қостық. Жобаның арқасында ерекше қажеттіліктері бар 40 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылды, 24 мыңнан астам әлеуметтік нысан бейімделді, заңнамаға өзгерістер енгізілді, "Болашақ" қорының қолдауымен инклюзивті білім берудің 43 кабинеті ашылды. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры үлкен жұмыс жүргізуде. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған партияның сайлауалды бағдарламасы аясында тағы 22 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыру жұмыстары жалғасады. Биыл жұмысқа орналастыру, психологиялық және құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша 10 орталық ашылды", - деді Бауыржан Байбек.
Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекованың айтуынша, "Жан Шуақ" сыйлығы 2008 жылдан бері табысталып келеді. Осы жылдар ішінде оған 70-тен астам адам ие болды. 2021 жылы 17 аймақтан 58 адам ұсынылды. Оның ішінде 7 үміткер анықталды.
"Рух күші мен жеңіске ұмтылысы үшін" номинациясында Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, альпинист Мария Әуезова марапатталды. Биыл ол Эверест базалық лагеріне (5364 метр) және Кала-Патхар тауына (5640 метр) көтерілді.
"Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін" сыйлығының иегері қоғам қайраткері Нияз Сундиталиев болды.
"Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың проблемалары мен тыныс-тіршілігін ақпараттық жария етуге қосқан үлесі үшін" номинациясы бойынша сыйлықты танымал блогер Алмаз Ержан алды.
"Еріктілер қозғалысын дамытудағы жетістіктері үшін" марапатын қоғам қайраткері Гүлназ Космурзиеваға табыс етті. Пандемия кезінде ол қаражат жинауды ұйымдастырды және 2 мыңнан астам мұқтаж адамдарға көмек көрсетті.
"Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін" номинациясында ерекше қажеттіліктері бар баланың анасы Гүлмира Пармышева ерекше балаларға арналған дамытатын ойыншықтар шығару бойынша Kishkentai жобасын іске қосқан болатын.
"Өнер және мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін" сыйлығының иегерлері "Мы Вас любим!» театрының әртістері болды. Театр труппасы есту қабілеті бұзылған әртістерден тұрады.
"Спорт саласындағы үздік жетістіктері үшін" сыйлығын пауэрлифтинг бойынша спортшы, 2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы жазғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаеваға табыс етті.
Айта кетейік, шара барлық санитарлық нормалар мен карантин талаптарын сақтай отырып өткізілді.