Алматы облысы әкімдігі Б.Мәнізоровтың «қамалғаны» туралы ақпаратқа пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Бұған дейін әлеуметтік желіде Мәнізоровтың пара алды деп айыпталып, ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын

Фото: bnews.kz

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров қызметтік іс-сапарда жүр,- деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін әлеуметтік желіде «ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровты ұстап, Алматы қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамады. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 366 бабы 3-тармағы, яғни пара алды деп айыпталып отыр» деген ақпарат тараған еді. Мәселенің анық-қанығын білу үшін Алматы облысы әкімдігінің ресми өкілдеріне жүгіндік.

 «Бағдат Мәнізоров қызметтік іс-сапарда. Әлеуметтік желідегі хабар жайлы естідік. Ол бойынша құзырлы органдарға сұрау саламыз», - деді Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел.

Бағдат Мәнізоров облыс әкімінің орынбасары қызметіне осыдан екі ай бұрын ғана, 12-шілдеде тағайындалған еді. 1962 жылы туған Бағдат Сайланбайұлы еңбек жолын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, жаттықтырушы жұмысынан бастаған. Ол әр жылдарда Кировск колхозы базарының директоры, «Шаған» ЖШС президенті, «Айсер» ЖШС директоры, Көксу ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Көксу ауданының әкімі, Ақсу ауданының әкімі, Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі, Алматы қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы