Қараусыз қалған қиын жолмен оқушылар шаңдатып Шайдана мектебіне барып оқыған
Жамбыл облысында небәрі 3,5 шақырымдық ауыл жолын жаңалауға 40 жыл уақыт кеткен. Сеңгірбай-Шайдана аралығын байланыстыратын жол 1980 жылдан бері жөндеу көрмеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қараусыз қалған қиын жолмен оқушылар шаңдатып Шайдана мектебіне барып оқыған. Шенділер ауыл адамдарының арызына тек 41 жылдан соң ғана құлақ асқан.
«Ауылға 40 жылдан кейін асфальт төселіп отыр. Өткен жолы бір топ техника келіп, жолдың қарекетіне кіріскен. Міне, шаруа соңына жетіп, қуанышқа кенелтті. Енді жұртшылық көліктерін жаңа маркаға айырбастауды ойлап жүр. Ауыл азаматтары кездесулерде жол мәселесін үнемі көтеріп жүрген», – деді ауыл тұрғыны Ерғазы Әлжанов.
«Сеңгірбай ауылының тұрғындары ұзақ уақыттан бері Шайдана елді мекенімен байланыстыратын жолдың қиындығын көріп келді. Ой-шұңқыры көп осы жол арқылы оқушылар Қ.Сартбаев атындағы орта мектепке қатынап оқиды. Биыл 10 ауылдың 26 ауылішілік көшелері және аудандық мәндегі 5 жолға асфальт төселеді», - деді Жамбыл ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Кеңесбеков.