Екі өңірде ауа райына байланысты жол жабылды
Төтенше жағдайлар комитеті азаматтарға ауа райындағы өзгерістерді қалт жібермей, бақылап отыруды ұсынады
Ауа райының бұзылуына байланысты еліміздің екі облыста жол жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Қазақавтожол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сілтеме жасап.
Бүгін 00:30-дан бастап Ақтөбе облысындағы облыстық маңызы бар «Дон — Бадамша» - «Ақтөбе-Орск» (45-75 шақырым), «Ақтөбе — Болгарка - Шұбарқұдық» (17-191 шақырым) жолдары жабылғаны белгілі болды. Сонымен қатар, Қостанай облысындағы облыстық мәндегі «Қостанай – Веденка» тасжолының 5-97 шақырымында көлік жүруіне тыйым салынды.
Төтенше жағдайлар комитеті азаматтарға ауа райындағы өзгерістерді қалт жібермей, бақылап отыруды ұсынады. Көктайғақ және жол көрінбейтін боран кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтамау қайғылы жағдайға апарып соқтыруы мүмкін. Лажы болса, ондай ауа райында алыс жолға шықпаған абзал.