Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет корпоратив өткізуден бас тартып, қайырымдылық акциясын өткізді
Агенттік жоба аясында екі мыңға жуық бала қатысқан 35 қайырымдылық акциясын ұйымдастырды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Ізгілік елшілері» еріктілерімен, жастар мәслихаты депутаттарымен, «Адалдық алаңы» және арнайы мониторинг топтарының белсенділерімен бірлесіп, жаңа жылдық корпоративтердің орнына елдің барлық өңірлерінде жаңа жылдық қайырымдылық акцияларын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бастаманың мақсаты – қамқорлық пен қолдауға мұқтаж мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын, балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін жаңа жылмен құттықтау.
Агенттік еріктілер жобасының аясында екі мыңға жуық бала қатысқан 35 қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Тілектер шыршасын» ұйымдастырып, онда ілінген 100 баланың Аяз Атаға жазған жаңажылдық тілектерін орындады.
Мәселен, Агенттіктің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті «Нұрлы жүрек» орталығында ерекше қажеттіліктері бар 120 балаға арналған жаңажылдық мереке ұйымдастырды.
Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шырша ұйымдастырып, тәтті естелік сыйлықтар табыстады.
Қызылорда облысында қызметкерлер жаңажылдық киім киіп, «Қамқорлық» дағдарыс орталығының балаларын құттықтады. Сонымен қоса, концерттік бағдарламасы бар балалар ертеңгілігі ұйымдастырылып, балалардың қалауымен сыйлықтар үлестірді.
Мұндай шараларды Агенттіктің барлық территориялық департаменттерінің ұжымдары өткізді.