Қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдин қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Серікболсын Әбділдин 11-ге жуық ғылыми еңбек пен 6 монографияның авторы

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда қоғам қайраткері, экономист Серікболсын Әбділдин 82 жасында қайтыс болды. Бұл туралы саясаттанушы Ерлан Сайыров Фейсбук парақшасында жазды, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Қайғылы хабар. Қазақстан Республикасы мемлекет қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Серікболсын Әбділдин өмірден өтті», - деп жазды Е. Сайыров. 

Серікболсын Әбділдин 11-ге жуық ғылыми еңбек пен 6 монографияның авторы. Ол 1937 жылы Шығыс Қазақстан облысы, қазіргі Тарбағатай ауданы Қызылжұлдыз ауылында туған.

1960 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтын бітіріп, еңбек жолын агроном болып бастаған.

1963–1966 жылдары аспирант, аға ғылыми қызметкер, 1967–1982 жылдары - Қазақ КСР-і Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары болған.

1982 – 1985 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, 1985 жылы - АӨК басқару жөніндегі Республикалық Жоғары мектептің ректоры, 1986 – 1987 жылдары - Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрі, 1990-1995 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Төрағасы болды.

1995 жылдан бері Қазақ ұлттық аграрлық университеті Агробизнес кафедрасының меңгерушісі, профессоры қызметтерін атқарды.