Күдебаев ісі: дәрігер-анестезиологты қамаудан босату туралы өтінішті Экономикалық тергеу басқармасы түсірген

Автор: Azattyq Rýhy

Кеше Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Асқар Тұңғышбаевтың үйіне оралғанын жариялаған еді

Фото: Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан

Сотқа дәрігер-анестезиолог Асқар Тұңғышбаевты қамаудан босату туралы өтінішті Алматы қаласы экономикалық тергеу басқармасы түсірген деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеше түнде Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы екінші дәрігердің де үйіне оралғанын қуана жариялаған еді.

«Барлықтарыңызға іске тура қарағандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Дәрігер-анестезиолог А.Тұңғышбаевты сот қолхатпен бостандыққа шығарды. Алдағы уақытта тергеу әділ болады деп үміттенеміз»,- делінген ақпаратта.

Ал Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, дәрігерді «екі айға қамау» туралы екі күн бұрын ғана оқылған үкімді өзгертуге Экономикалық тергеу басқармасының өтініші себеп болған. 

«25 қыркүйек күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен Асқар Тұңғышбаев қамауда ұстау түрінен ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Сотқа Алматы қаласындағы  экономикалық тергеулер басқармасынан тиісті өтініш келіп түсті»,- деді аталған ведмствоның өкілі Диас Махамбетов.

Бұған дейін Алматы қаласы полиция департаменті бастығы Серік Күдебаевтың ұлының өлімінен кейін №4 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Қанат Тезекбаев пен дәрігер-анестезиолог Асқар Тұңғышбаевтың  қамалғаны қоғамда қызу талқыға түсіп, наразылық тудырған еді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы