Азаматтардың дауыс беру процесі сағат 20:00-ге дейін жалғасады
Өзбекстанда президенттік сайлау басталды. 24 қазанда таңғы сағат Ташкент уақытымен 8:00-де республиканың барлық сайлау учаскелері мемлекеттік әнұранмен ашылды,деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Uza.uz сайтына сілтеме жасап.
Мәліметтерге сүйенсек, биылғы сайлауға елдегі ұйымдастырылған сайлау учаскелерінде жалпы 19 миллион 859 мың 127 сайлаушы тізімге енгізілген. Оның ішінде 9 миллион 459 мың 273 немесе 48 пайызы ер адамдар, 10 миллион 399 мың 854 немесе 52 пайызы әйелдер. 6 миллион 458 мың 283 азамат 30 жасқа дейінгі жастар болып, оның 887 686-сы сайлауда алғаш рет дауыс береді.
Шет мемлекеттерде жалпы 54 сайлау учаскесі ашылған. Олардағы сайлаушылар тізіміне барлығы 299 780 азамат енгізілген.
Сайлау процесін қадағалауға халықаралық бақылаушы ретінде шетелден 971 азамат келген. Оның ішінде 20-ға жуық ықпалды халықаралық ұйым, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мен Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі, Түркі кеңесі Парламенттік ассамблеясы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдардан барлығы 631, сондай-ақ әлемнің 50-ге жуық елінен 340 халықаралық бақылаушы жағдайды тікелей бақылауда.
Азаматтардың дауыс беру процесі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.