Қазақстан 2060 жылға қарай көмірден түбегейлі бас тартады

Автор: Azattyq Rýhy

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл бағытта доктрина жобасын әзірледі

Фото ашық дереккөзден

Бұл туралы 24.kz арнасы хабарлады. Кәсіпорындар жабылса, 30 мың шахтер қайда барады? Көмір өндірумен күн көріп отырған моноқалалар қайтпек? Елдегі игерілмей жатқан қатты отын ошақтары бар. Саладан түбегейлі бас тартпай, соларды жаңғырту жолын іздеуге болмай ма? Сұрақ көп. Ұсыныс та жоқ емес.

Мамандар көмірді қайта өңдеуге қауқарымыз бар дейді. Бастысы, 10 жылдық стратегия түзіп алу қажет. Көмір өндірушілер үшін ішкі және сыртқы нарыққа қанша көлемде энергия көзі қажеттігін жіті зерделеп алу маңызды.

 «Баламалы энергия көздері дамыған сайын электр қуаты да қымбаттап жатыр. Біз газды көмірмен алмастырар болсақ оның мөлшері қандай болуы керек? Білсек дейміз. Жалпы газ бойынша стратегияны қайта қарау маңызды. Көгілдір отын өзімізге жетпей жатып, бұл саланы дамытамыз деу қате. Шағын қалаларды өлтірмей, шығарып жатқан көмірін қайта өңдеуге мүмкіндік берілуі керек», - дейді тау-кен өндіруші кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец.

Бүгінде әлем халқын энергия тапшылығы алаңдатып отыр. Көптеген мемлекет көмірге көшуді көздей бастады. Қатты отын қымбаттап жатыр. Бұл мүмкіндікті пайдалану керек дейді мамандар. Еуропа, Азия елдерінен түсіп жатқан сұранысты толық өтеуге қауқарымыз да жеткілікті. Биыл Қазақстан 23 млн тонна көмір экспорттаған. 

Тегтер: