Бразилия Сенаты ел президентін адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптады

Автор: Azattyq Rýhy

Оған негізгі себеп президенттің COVID-19-ға қарсы күрес жүргізбеуі болып отыр

Фото ашық дереккөзден

Бразилия Сенатының COVID-19 пандемиясының салдарын зерттейтін арнайы комитеті Президент Джейр Болсонаруды коронавирусқа қарсы күрестен бас тартқаны үшін жүздеген мың адамның өліміне әкеп соқтырған адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптады. Бұл туралы Bloomberg хабарлайды.

Жалпы, Сенат Президентке тоғыз айып тағуға ниетті. Комиссия ұсынған есеп бойынша, Бразилия көшбасшысы пандемия туралы фактілерді әдейі бұрмалаған, адамдардың өмірін "елемеуй" және вакциналарды сатып алуды әдейі кешіктірген.

Бразилияда COVID-19 таралуының нәтижесінде 600 мың адам қайтыс болды, 21 миллионнан астам адам вирус жұқтырды. "Заң бойынша әрекет етуге міндетті Үкімет өзінің мінез-құлқымен миллиондаған бразилиялықтардың өмірден өтуіне себепкер болды", - делінген хабарламада.

Тергеу барысында президенттен өзге 67 адам мен компанияға айып тағу ұсынылды. Есепте қазіргі және бұрынғы министрлер, тиімсіз дәрі-дәрмектерді тағайындаған дәрігерлер және Болсонарудың үш ұлы — сенатор Флавио, депутат Эдуардо және кеңес мүшесі Карлос бар.

Джейр Болсонару «COVID-19  саясатымен» танымал. Мемлекет басшысы коронавирустың тұмаудан еш айырмашылығы жоқ екенін бірнеше рет айтты. Сонымен қатар, ол штат әкімдерін карантин шараларын жеңілдетуге шақырды. Жақында ауруханадан шыққаннан кейін де президент журналистермен сөйлесер алдында маскасын шешіп алды.

Қазан айының басында Бразилия бойынша мыңдаған азамат Болсонарудың отставкаға кетуін талап етіп, наразылық акциясына шықты.