Ұлттық банк төрағасы: Әлем бойынша тарихта болмаған бағаның өсуі байқалады

Автор: Azattyq Rýhy

Ет 10,3%-ға, өсімдік майы 63,1%-ға және қант 32,1%-ға өсті

Азық-түлік бағасы Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде де өсіп жатыр деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау кезінде сөз алған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев биыл әлем бойынша тарихта болмаған бағаның өсуі байқалатынын атап өтті.

«Әлемнің ірі экономикаларында инфляция 13 жылдық ең жоғары көрсеткіштерге жетті. АҚШ-та 5,4%-ға дейін, Еуроодақта – 3,4%-ға дейін өсті. Инфляция біздің негізгі сауда әріптесіміз – Ресейде 5 жылдағы ең жоғары деңгей – 7,4%-ке дейін жылдамдады. Қазақстанға тауарлар импортындағы Ресей үлесінің 2020 жылдың қорытындысы бойынша 35,4%-дан биылғы 6 айдағы 40,8%-ға дейін ұлғайғанын ескере отырып, Қазақстанда бағаларға сыртқы қысым өсті. Аталған сыртқы фактор елдегі инфляцияның өсуіне әсер етіп отыр. Әсіресе, азық-түлік инфляциясы биылғы қыркүйекте 11,5%-ға жетті. Шілде-тамызда картоп, сәбіз, қызылша бағасы соңғы жылдардағы рекордтық өсімге жетті. Ет 10,3%, өсімдік майы 63,1% және қант 32,1% өсті», − дейді Е. Досаев.

Оның айтуынша, баға тек Қазақстанда емес, әлем елдерінде де айтарлықтай өскен. Бір жылда еттің әлемдік бағасы орта есеппен 26,3%-ға, өсімдік майының бағасы 61,2%-ға, қанттың бағасы 53,5%-ға өсіпті.

Белгілі болғандай, жанар-жағар май 13,5%-ға, киім-кешек 6,3%, аяқ киім 6,7%, жиһаз 7,5%, тұрмыстық заттар 8,3%, автомобильдер 10,6%- қымбаттаған. Сөйтіп, азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,5%-ды құрады.

Ал электр энергиясы 8,3%, тұрғын үйді жалдау 18,6% және көлік қызметтері (әуе көлігі – 8,7%, жүк тасымалдау – 15,5%) өскен.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан