Өзендегі су тапшылығы 1960 жылдары да болған
Жайық өзенінде қыста балық қырылуы мүмкін. Өйткені су айдыны қатты тартылып, тіпті кейбір жерлері кеуіп қалған. Осыдан қауіптенген сала мамандары биылғы қыстың су асты тіршілігі үшін қиын болатынын айтып отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Егер екі облысты жалғап жатқан өзен судан тарықса, Жайықты жағалай қоныстанған жүздеген елді мекеннің тіршілігі тоқырап, тіпті ауыл шаруашылығына да кесірін тигізуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, суы тартылған өзеннің табаны 8-9 метрге дейін биіктеген. Осылайша өзеннің әр жерінен аумағы жүздеген метрге созылған аралдар пайда болды.
«Біздің шекараға дейін Жайық көкпеңбек. Ал шекарамыздан бастап ғарыштан түсірілген түсірілімдерде Жайық қап-қара болып тұр», - дейді су саласының ардагері, эколог Махамбет Ықсанғали.
Махамбет Ықсанғалидің айтуынша, балық қыстайтын шұңқырлар мүлдем тазартылмаған. Жайық үлкен құбыр сияқты. Жыл сайын бұл өзенге жоғарыдан кемінде 4 млрд текше метр су құйылады.
«Біздің міндетіміз – шартқа сәйкес, шаруа қожалықтарына және басқа құрылымдарға шартпен су беру. Жоқ суды біз қалай береміз? Су жоқ деген әңгіменің бір ұшы бізге де тиіп жатыр. Жайықтан қазір кіріп жатқан судың бізден шығуы секундына 1 кубометрді құрайды. Айта кететін жағдай, осындай кездерде су орташа болғанда секундына 10-15 куб кіруші еді. Бірақ қазір ол кірмей тұр», - дейді «Қазсушар» РМК БҚОФ бас инженер-гидротехнигі Шынболат Ермағамбетов.
Телеарнаның хабарлауынша Жайық өзенінде су тапшылығы 1960 жылдары да болған. Сондықтан мұндай жағдайдың уақыт салып қайталанып отырғанын, әлде Жайықтың мүлде суалып кетерін ешкім білмейді. Себебі өңірде Жайықтың жағдайын зерттейтін білікті мамандар жоқтың қасы.