Қазір клубтың басты мақсаты – әлемнің ең үздік клубтарының үштігіне кіру
Биыл Азия чемпионы атанған шығысқазақстандық «Алтай» волейбол клубының ойыншыларына халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы беріледі, деп хабарлайды Рrosports.kz.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов «Алтай» волейболшыларымен кездесу өткізіп, спортшылар мен жаттықтырушылар құрамын клубтық Азия чемпионатындағы жеңісімен құттықтады.
«Алты жыл бұрын біз осы клубты құрдық. Волейболшыларымыздың мұндай мықты нәтижелерге қол жеткізе алатындығына көбінің күдікпен қарағаны рас. Бірақ бүгінде олар мүмкін емес ештеңе жоқтығын дәлелдеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Мәдениет және спорт министріне «Алтай» ойыншыларына халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын беруді тапсырды», - деді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, қазір клубтың басты мақсаты – Қазақстан чемпионатында лайықты өнер көрсетіп, 2024 жылы Олимпиада ойындарына дайындалу және әлемнің ең үздік клубтарының үштігіне кіру.
«Бастысы – алдыға асқақ мақсаттар қоюдан жасқанбай, керісінше оған жетудің жолдарын қарастырудан тайынбау қажет. Команданың күшейіп жатқаны қуантады. Ал екінші «Алтай» командасы да қазақстандық жарыстарда өз өнерлерін көрсетуге сақадай сай. Сондай-ақ Семей қаласында тағы бір клуб ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Өйткені волейбол өте танымал және көптеген азаматтардың қызығып көретін спорт түрі», - деді Даниал Ахметов.