Өскемен қаласында Үкімет басшысына халықаралық әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялаудың аяқталғаны туралы баяндалды
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарына жұмыс сапары аясында көлік инфрақұрылымы жобалары – «Өскемен-Талдықорған», «Қалбатау-Майқапшағай», «Үшарал-Достық», «Қарағанды-Балқаш-Қапшағай», «Меркі-Бурылбайтал» автожолдары жобаларының іске асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұзындығы 415 шақырымға созылатын «Қалбатау-Майқапшағай» тас жолын реконструкциялау жобасы бойынша 127 шақырым жолда қозғалыс ашылды, жұмыстарды 2022 жылы толық аяқтау жоспарланған.
Қарағанды облысында Премьер-министр жалпы ұзындығы 946 шақырым болатын «Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал-Күрті-Қапшағай» автомобиль жолын реконструкциялау барысын тексерді. Биыл төрт жолақты жол бойынша 765 шақырым жолда қозғалыс қамтамасыз етіледі. «Меркі-Бурылбайтал» (262 км) автожолы бойынша қозғалыс толық ашылады.
Сондай-ақ, Премьер-министрге Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау барысы туралы баяндалды, ол 2022 жылғы 1 мамырда аяқталады.
Жұмыс сапарына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы және т. б. қатысты.