Ұялы телефонға тәуелді бала психологтың алдынан бір-ақ шықты

Автор: Azattyq Rýhy

5 жасқа дейінгі балаларға ұялы телефон түгіл, теледидар да қарауға болмайды

Техника мен технологияның қарыштап дамыған заманында өмірімізді ұялы телефонсыз елестету қиын. Сымсыз құрылғы кез келген уақытта бізді әлемнің кез келген нүктесімен байланыстыра алады. Алайда оның пайдасы мен зияны қатар жүретіні жасырын емес. Көз дәрігерлерінің пайымдауынша бүгінгі күні балалардың 60 пайызының көру қабілеті нашарлаған, ал психологтар гаджеттердің баланың санасына кері әсер етіп жатқандығын айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Көзі көрмейтіндер бірінші партаға таласады

Айгүл Үмітбева – 20 жылдан артық еңбек өтілі бар мұғалім. Ұзтаз күн сайын балаларды партаға қалай отырғызатынын  білмей дал болатын айтады. Өйткені сыныптағы оқушыларлдың жартысының көзі дұрыс көрмейді.

«Ата аналар дәрігер диагнозы қойылған анықтама қағазын әкеліп, баланың көзі нашар көретіндіктен бірінші партаға отырғызуымды өтінеді. Алдыңғы қатарда 6 орын ғана бар. Қалған оқушыны қайда орналастырарымды білмеймін. Біз мектепте білім алған кезде көзілдірік киген баланы өте сирек кездестіретінбіз. Қазір ол үйреншікті құбылысқа айналды», - дейді мұғалім.

Жер үйде тұратын балалардың дені сау

Петропавлда көз дәрігерінің қабылдауына бару үшін бірнеше күн бұрын жазылу керек. Себебі бөлінген талондар бітіп қалады. Окулист Наталья Волкова балалардың басым көпшілігінің жанарында ақау анықталатындығын айтады. Оның басты себебі – ұялы телефон.

«Балаларға ұялы телефонды мүлде көруге болмайды. Теледидар қараудың өзін шектеу керек. Маған келетін 6 мен 15 жас аралығындағы балалардың 60 пайызының көру қабілеті нашарлаған. Біз мектептерде медициналық бақылау жүргіздік. Орталықта орналасқан, ауқатты адамдардың балалары баратын білім ордаларында көздің көру қабілеті нашарлау проблемасы өте жиі кездесті. Ал Жұмысшы кенті, Солнечный, Борки сынды жеке тұрғын үй секторында тұтарын балаларда мұндай проблема сирек. Оның себебі қаланың балаларының қимылдау белсенділігінің төмендігі, таза ауада тиісті мөлшерде серуендемейді», - дейді Наталья Ивановна.

Мамандардың пайымдауынша, 5 жасқа дейінгі балаларға ұялы телефон түгіл, теледидар да қарауға болмайды. Аталған кезеңде жеткіншектердің дене мүшелері қарқынды дамитындықтан, оның кері әсері көп болады.

«Қазір мектептерде білім беру бағдарламасы да күрделеніп кетті. Оның барлығы балаларға салмақ. Мұғалімдер интернет, компъютер арқылы орындалатын тапсырмалар береді. Осының барлығы оқушылардың денсаулығына кері әсер етіп жатқандығы назарға алынып жатқан жоқ», - дейді дәрігер.

 «Менің қателігімді қайталамаңыздар»

Ата-аналардың баланы тыныштандыру үшін қолына ұялы телефон ұстата салатына жасырын емес. Гаджеттер сәби психикасына кері әсер ететінін білікті маман түгіл, қарапайым адам да аңғара алады.

«Екінші кішкентайым туған соң, үлкенге қарауға уақыт тапшылығы туындады. Бастапқыда телефонмен жиі ойнайтынына онша мән берген жоқпын. Уақыт өте келе анам, үйге келетін қонақтар ескеру жасай бастады. Қазір ұялы телефон бермесең, ашу шақырып жылайды. Қолына алғанша тынышталмайды. Ұялы телефонның осындай проблемаға айналып кететінін білмеппін. Күндіз көрген мульфильмдері түнде түсіне кіріп, шошитынды шығарды. Психологқа баруды бастадық. Кәсіби маманның көмегінсіз бұл проблеманы жеңе алмайтынымызға көзім жетті. Басқа ата-аналарға айтатыным – менің қателігімді қайталамаңыздар», - дейді Виктория Пашкова.

...Рухани құндылықтар орнына,  қарапайым қажеттіліктерге талпынады...

Психолог мамандар балалардың ұялы телефонға тез үйренетіндігін айтады. Ол қысқа ғана уақыт аралығында тәуелділікке де ұласып кетуі әбден мүмкін. Кішкентай балалар гаджеттерің тілін тез меңгеріп, өзеріне қажеттіні лезде тауып алады. Осыны мақтан еткен ата-аналарды көрген боларсыз. Алайда оның пайдасынан гөрі зияны басым болып жатқанын кейде аңғармай қаламыз.

«Ең біріншіден баланың жас ерекшелігіне назар аудару керек. Кейбір ата-аналар 3 жастағы балаға интернет қосылған  ұялы телефонды бере салады. Бұл оның психикалық дамуына зақым келтіреді. Себебі баланың ой-санасы тұрақсыз, әлі дамып, қалпына келіп жатқан кезеңнен өтеді. Ол кезде бала қолдың сезімтал моторикасына,  танымдық жүйесіне қатысты ойындарға қатысуы тиіс. Денесі көп қозғалып,  бұлшықеттері де,  физикалық ойындар арқылы даму керек.

Ал бала кішкентай кезінен бастап ұялы телефонмен ойнаса, бір орыннан қозғалмайды. Бұның барлығы көзге, зейінге кері әсер тигізеді.  Ұялы телефонмен көп әуестенген балада эмоционалды тұрақсыздық пайда болады. Яғни, ашуланып,  тез ренжіп,  айқайлап та кетуі мүмкін. Телефонмен отырған бала біртіндеп тәуелді болып кетеді. Өз эмоциясын басқара алмай,  рухани құндылықтар орнына,  қарапайым қажеттіліктерге талпынады, себебі баланың гаджетке қызығушылығы артады. Оған қоса түрлі-түсті экран, жылдам өзгеріп тұратын суреттер психикалық қабылдауды тездетеді. Бала оның пайдасы мен зиянын ажырата алмайды», - дейді психолог Ғалия Баязитова.

Көз жанарының нашарлауы, ашушаңдық, семіздік, тіпті психикалық ауытқу - кішкентай ғана құрылғының зиянын ары қарай тізе беруге болады. Алысты жақындатып, айшылық жерлерден жылдам хабар алғызатын құрылғы жанымыздағы жақынымызды алшақтатып, виртуалды әлемге тартып барады. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО