Жамбыл облысындағы оқ-дәрі қоймасында тағы жарылыс болды
Министрлік жарылыс салдарынан оқ-дәрілердің қалдығы мен бөлшектерінің жан-жаққа ұшпағанын айтты
Жамбыл облысында 10 қазан күні оқ-дәрілер қоймасында тағы жарылыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«10 қазан күні сағат 7.20 шамасында Жамбыл облысының Сарыкемер ауылындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында бұрын зақымданған жарылғыш заттар өртенді», - делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламасында.
Ведомство атап өткендей, жарылыс салдарынан оқ-дәрілердің қалдықтары мен бөлшектері жан-жаққа ұшпаған. Бұл жұмыстан тыс уақытта орын алды. Жақын жерде адамдар болмаған. Ғимараттар мен құрылыстар зақымдалмаған. Аудандағы ахуал тұрақты.
«Алдағы уақытта да мұндай жағдайлар орын алу мүмкін. Одан бөлек, қойма аумағында қауіпті оқ-дәрілердің бақыланатын жарылыстары жүргізілетін болады», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта 26 тамызда өртенген қойманың техникалық аумағын жарылғыш заттардан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.