Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің құрылысы аяқталуға жақын

Автор: Azattyq Rýhy

Мешітті 2021 жылдың соңында аяқтау жоспарланып отыр

Нұр-Сұлтанда Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.

Қазақстандық видеооператор Владислав Воднев YouTube-каналында жақын арада ел астанасында ашылатын мешіттің келбетін жариялады.

Салынып жатқан мешіт EXPO-2017 аумағынан әріректе – Қабанбай батыр мен Мәңгілік Ел даңғылдарының арасында орналасқан.

Басты күмбездің биіктігі – 88,2 метр, ал мұнараларының биіктігі – 140 метр. Мешіттің сыйымдылығы 30 мың адамға дейін жетеді: ерлерге арналған залға 15 мың адам сыяды, әйелдерге арналған залға бір уақытта 3 мыңға жуық адам кіре алады, ауланың және басқа үй-жайлардың сыйымдылығы 12 мың адамға жетеді.

Құрылыс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша демеушілік қаражат есебінен жүріп жатыр.

Мешіттің құрылысы 2019 жылдың көктемінде басталды. Ал 2021 жылдың соңында аяқтау жоспарланып отыр.