Нұр-Сұлтандағы Беларусь елшілігіне бомба қойылғаны туралы хабарлама түскен

Автор: Azattyq Rýhy

Полиция күштері елшілік аумағын тексеріп, ешқандай жарылғыш заттың табылмағанын мәлімдеді

Фото: ашық дереккөзден

Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшілігінің поштасына белгісіз біреулер хат жолдап, ғимаратқа бомба қойылғаны турлы мәлімет жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, дереу тексеру жүргізіліп, нәтижесінде, ақпарат расталмаған.

«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Кінәліні жедел іздестіру шаралары шұғыл қолға алынды», - делінген ПД хабарламасында.

Қалалық Полиция департаменті жарылғыш зат жайында өтірік хабарлама жібергендердің заңмен жазаланатынын еске салады.

«Қала тұрғындарынан себепсіз байбалам салмай, мессенжерде жалған хабарлама таратпауды өтінеміз», - деп ескертті полиция өкілдері.