Қоғамдық кеңестер өз міндетін толыққанды орындамайды – Аида Балаева
Қазір Қазақстанда 249 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында министр қоғамдық кеңестердің жұмысы министрлікпен үнемі талданып және қоғам белсенділерімен талқыланатындығын, ал нәтижелері мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының алаңдарында жарияланатындығын атап өтті.
«Қоғамдық кеңестер жұмысының нәтижесі ретінде азаматтық қоғамның пікірін білдіру мақсатында нақты институт құрылды. Қоғамдық кеңестер «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастырудың маңызды буынына айналды», - деді А.Балаева.
Қазір Қазақстанда 249 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді, оның ішінде 33-і республикалық, 216-сы жергілікті деңгейде.
Министр жыл басында енгізілген Қоғамдық кеңестер қызметі бойынша заңнамалық өзгерістердің арқасында Қоғамдық кеңес жұмысының тиімділігін арттыру ісінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгендігін атап өтті. А.Балаева Қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру және үйлестіру бойынша Министрлік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмысқа, оның ішінде заңға тәуелді актілерге, заңнаманың негізгі ережелерін түсіндіруге бағытталған әдістемелік семинар-тренингтер туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Сондай-ақ, министр сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, Қоғамдық кеңестер туралы ұлттық баяндама әзірленіп жатқанын жеткізді.
«Қоғамдық кеңестердің халықпен байланыс механизмдерін күшейту үшін «KAZKENES» ақпараттық порталын танымал ету бойынша жұмыс жүргізілуде», — деді А.Балаева.
Сонымен қатар, министр кездесу барысында қоғамдық кеңестер өз өкілеттіктерін толық көлемде орындамайтынына назар аударды.
Өз кезегінде Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері қоғамдық кеңестердің өкілеттіктерін кеңейту бойынша заңнамалық түзетулердің іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқанын, кейбір жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл бойынша жұмыстағы қиындықтар туралы айтып берді.