Арон Атабектің жазасы денсаулығына байланысты жеңілдетілді

Автор: Azattyq Rýhy

Оған бірнеше диагноз қойылған 

Фото: bureau.kz

Арон Атабек (Едігеев) денсаулығына байланысты жазасы жеңілдетілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық соттың хабарлауынша, Арон Атабектің жазасы емделмейтін дертке шалдығуына байланысты жеңіл түріне ауыстыру ұсынысы қаралды. Белгілі болғандай, ол мынадай ауру түрлерімен ауырады: М50.0. Омыртқаның мойын бөлігі омыртқааралық дискісінің миелопатиясымен зақымдалуы (G99.2).  М50.1. Жұлынның мойын бөлімі деңгейіндегі дегенеративті – демиелинизирлеуші ауруы және т.б.

«Заң талаптарына сәйкес, (ҚК-тің 75 бабының 2 бөлігі), өмір бойына бас бостандығынан айырудан басқа, жазаны өтеуге кедергi жасайтын ауыр науқастан зардап шегуші адамды сот жазаны өтеуден босатады немесе науқасының сипаты, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы және басқа да мән-жайлар ескеріле отырып, жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.

Заңда баяндалған мән-жайлар мен процесске қатысушылардың пікірін ескеріп, сотталған тұлғаға бостандығын шектеу жазасы 1 жыл мерзіміне пробациялық бақылау орнату мен міндеттерді жүктеуіне ауыстырылды», - делінген хабарламада.