Министр депутат Нұртөре Жүсіптің ұсынысы жаңа заңда қаралатынын айтты
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сенатор Нұртөре Жүсіптің журналистерге ерекше жеңілдіктер беру туралы бастамасын қолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Министр депутаттың ұсынысы жаңа заңда қаралатынын айтып өтті.
«Журналистер ерекше жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктерге, соның ішінде жеңілдетілген баспанаға ие болуы керек дейтін пікір дұрыс екені даусыз. Бірақ қазіргі журналистер мемлекеттік қызметкер, бюджеттік қызметкер немесе азаматтық қызметкер болмауы тиіс. Сондықтан журналистің статусын анықтау бойынша нақты критерийлер әзірлеу керек. Осыдан кейін ғана жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер беру бойынша тетіктерді пысықтау қажет», — деп есептейді министр.
Ол бұл мәселелердің бәрі бұқаралық коммуникациялар туралы жаңа заң жобасы аясында қаралып жатқанын мәлім етті.
«Ең алдымен, бұл ұғымды кеңейту және журналистің жағдайы мен статусына қатысты мәселелер туралы болып отыр. Бұл барлық бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын реттейтін Заң болғандықтан, оның баптары меншік нысанына қарамастан барлық БАҚ-қа қолданылатын болады. Заң жобасы барлық мүдделі тараптармен кеңінен талқыланатынын атап өткім келеді», - дейді Балаева «жекеменшік БАҚ-қа кемсітушілік болмайды ма» деген сұраққа жауап бере отырып.
Бұған дейін жалпы отырыста сенаторлар журналистерге сот, прокуратура, ІІМ, адвокаттар мен нотариустар сияқты арнайы статус беруді, БАҚ қызметкерлерін қолдау мен қорғауды қамтамасыз етуді және «Журналист мәртебесі туралы» заң қабылдауды ұсынған болатын.
Депутаттық сауалда кейбір шенеуніктер журналистердің сұрақтарына кәсіби деңгейде жауап беруге дайын емес екендігі де айтылған.
«Кәсіби қызметті жүзеге асыратын тілшіге кедергі жасау халық пен мемлекетті ақпарат алу мүмкіндігінен айырады. Көрші Ресейдегі жағдай мүлдем басқаша. Арнайы заң енгізілді, оған сәйкес журналистердің кәсіби міндеттерін бұзған, журналистерге шабуыл жасаған адамдар 6 жылға дейін түрмеге жабылады», - деп мысал келтірді Нұртөре Жүсіп.
Сенатор полиция мен журналистердің санын және олардың әлеуметтік жағдайын салыстырды. Оның мәліметінше, Қазақстанда 100 мың тұрғынға 445 полиция қызметкері келеді. Әлемдік стандартта 300-ден аспауы керек. Полицияға қанша жеңілдік қарастырылған. Жақында олардың жалақысы тағы да өсті. Ал бүкіл Қазақстан бойынша журналистер саны 4 мыңнан асар-аспас адамды ғана құрайды.
«Неліктен ел мен мемлекеттіліктің ісіне тікелей қызмет ететін журналистерге мұндай жағдайлар жасалмайды?» - деп сенатор сұрақ қойды.
Нұртөре Жүсіп сондай-ақ, The Sunday Times зерттеуін мысалға келтірді, онда журналистердің стреске түсу жағдайы әскери ұшқыш, такси жүргізушісі, өрт сөндіруші сияқты мамандарға қарағанда жоғары екені айтылған.
Сондай-ақ, ол журналистер арасында кемсітушілік болмауы тиіс және әлеуметтік кепілдіктерді барлық БАҚ-тарға беру керек екенін атап өтті.