«Ең алып жолбарыс - Ресейде». Путин мен Тоқаев «айтысып» қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Тоқаев пен Путиннің қатысуымен онлайн форматта форум өтті

Тұран жолбарысы, фотосурет: wikipedia.org

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин Көкшетау қаласында онлайн-форматта өтетін екі ел арасындағы XVII өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты.

Форумның тақырыбы - «Экология және «жасыл экономикалық» өсім салаларындағы ынтымақтастық».

Онлайн форматта өткен форумда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасап, Қазақстанда Ресеймен бірлесіп жолбарысты қайта жерсіндіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, осы бағытта Алматы облысында мемлекеттік табиғи қорық құрылғанын айтты. Сондай-ақ министр осы бағыттағы ынтымақтастықты күшейту мақсатында бірлескен экожүйелік цифрлық карта әзірлеуді ұсынды.

Ресей президенті Владимир Путин әңгіменің қандай жолбарыс жайлы екенін нақтылағысы келіп, қазақстандық министрден «Қазақстанда жолбарыстар тіршілік етпей ме?» деген сұрақ қойды.

Қазақстанда жолбарыстың тіршілік етпейтінін, оны қайтадан жерсіндіру мәселесі пысықталып жатқанын айта бастаған министрдің сөзін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалғап, Қазақстан аумағында тіршілік еткен Тұран жолбарыстарына қатысты деректерімен бөлісті.

«Әңгіме Тұран жолбарысы туралы болып отыр. Олардың соңғы түрлері өткен ғасырдың 30-шы жылдары өмір сүрді. Содан кейін Ұлы Отан соғысы басталар алдында олар Қазақстан аумағынан жоғалып кетті. Сондықтан қазір біз осы жолбарыстардың популяциясын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық жобаны дамытып жатырмыз», - деді Тоқаев.

Владимир Путин Ресейде де бірқатар жолбарыс түрлерінің популяциясы жасалғандығын айтып, олардың кейбір түрі шет елдерден алдырылғанын атап өтті.

«Біз Кавказдағы барыстардың кейбір популяциясын қалпына келтірумен айналыстық, Сібірдегі ілбісті қайта көбейттік. Бірақ бізде олар сақталмады. Десе де барыстың ондай түрлері Тәжікстанда, Иранда сақталған. Біз сол Ираннан, Тәжікстаннан әкелдік», - деді Путин.

Қасым-Жомарт Тоқаев түз тағысы кез келген жерде бірдей екендігін атап өтті. Алайда, РФ президенті бұл пікірмен «келіспейтінін» айтты.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы, мұныңыз қалай, ең алып жолбарыстар Ресейде емес пе еді?», - деді күліп.

Владимир Путин қазақстандық министрдің бұл мәселеге қатысты ұсынысына Ресейдің үкіметтік деңгейде араласатынын, сарапшыларды да тартуға дайын екенін жеткізді.