Алматы облысында шенеунік 33 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді
Қазір шенеунік уақытша қамау изоляторында отыр

Алматы облысы, Сарқан ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы 33 млн теңге ақша жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Алматы облысы бойынша департаментінен хабарланды.
Басқарма бастығы Алматы облысы, Сарқан ауданы Бақалы, Алмалы, Көкөзек ауылдарындағы үш спорт алаңы құрылысына «Жұмыспен қамту 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген 32,9 млн теңге сомасындағы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.
Қазір жемқорлық күдігіне ілінген шенеунік уақытша қамау изоляторында отыр. Оған қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сай тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді.