Astana Marathon-ға қатысу арқылы Олимпиада жолдамасын ұтуға болады

Автор: Azattyq Rýhy

Нұр-Сұлтанда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған дәстүрлі желаяқтар жарысы өтті

Astana Marathon-ға қатысу арқылы Олимпиада жолдамасын ұтуға болады. ҚР Мәдениет және спорт министрінің мәлімдеуінше, әуесқой жүгірушілер үшін Бостон марафонына қатысуға мүмкіндік бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Нұр-Сұлтанда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған дәстүрлі желаяқтар жарысы өтті. Министр Ақтоты Райымқұлова марафонның ашылуында сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.  Марафон кезінде пандемияға қарамастан барлық карантин талабы сақталып, жылдағыдай жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Пандемия басталғалы алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа 5100 адам қатысты. Олар World Athletics ұйымы тарапынан берілген «қола» мәртебесі бар марафонда мықтыны анықтады. Astana Marathon ТМД аумағында дәл осындай мәртебеге ие болған алғашқы әрі жалғыз марафон саналады.

«Қазақстандық марафоншыларды қалыптастыруды, елорда мен еліміздің имиджін ілгерілетуді мақсат еткен ауқымды жоба алғаш өткізілген 2009 жылдан бері еліміздегі түрлі қайырымдылық қорлар үшін 37 125 458 теңге жиналған екен. Осынау игі жобаның сәтті жалғаса беруіне тілектеспін.

Жалпы, Astana Marathon-ға қатысушылар, қызығушылар қатары жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Әуесқойлар үшін Бостон марафонына қатысуға, кәсіпқойлар үшін Олимпиада жолдамасын иеленуге мүмкіндік беретін «Астана марафон» бүгінде ерлер мен әйелдер санатында ресми түрде Орта Азиядағы ең жылдам жарыс атанып отыр. Бұл да ұйымдастырушылардың табысты жұмысының бір жемісі екені белгілі. Демалыс күні бәріміз үшін жемісті болсын, достар!»,- деді министр А. Райымқұлова.