Ресейде әлеуметтік қауіпті студенттерді анықтау үшін 1,5 млрд рубль қаржы жұмсалады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл жоба Пермь университетіндегі қайғылы жағдайдан соң қолға алынып отыр

«Жастар ортасын зерттеу және желілік бақылау орталығы» автономды коммерциялық емес ұйымы әлеуметтік қауіпті студенттерді анықтау жүйесін дамыту үшін бюджеттен шамамен 1,6 млрд рубль ала алады, деп хабарлайды РБК.

Бұл жүйе оқушылар мен студенттердің жазбаша жұмыстарын талдап, «әлеуметтік қауіптілігін және деструктивті мінез-құлыққа бейімділігін» анықтайды. Ресейдегі Liquid Studio Accenture жетекшісі Арсений Кондратьевтың айтуынша, жоба негізінде психикалық немесе әлеуметтік ауытқулары бар адамдар жазған мәтіндерге ыңғайланған нейрондық жүйе болады.

Осыған дейін Пермь мемлекеттік университетіне оқ жаудырған 18 жастағы Тимур Бекмансуровтың трагедияға дейін әлеуметтік желілердің бірінде пост жазғаны хабарланды. Онда ол адамдарды жек көретінін, бірнеше жылдан бері жаппай өлтіру туралы ойлап жүргенін жазған. Тимурдың бұрынғы құрбысы оның зорлық-зомбылық көріністері бар видео көргенді ұнататынын, өзіне адамның басын кесіп тастаған кадрлар жібергенін айтты.

Ал Қазандағы №175 мектепке оқ жаудырған 19 жастағы Ильназ Галявиев те адамдарды ұнатпайтынын мойындады. Кейінірек ол жасаған ісіне өкінетінін және өз кінәсін мойындайтынын айтқан болатын.