Ұмыт бола бастаған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жаңғыртуға бағытталған жоба басталды

Жоба жыл соңына дейін жалғаспақ

Ұмыт бола бастаған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жаңғыртуға бағытталған жоба басталды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қазақтың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жаңғыртуға арналған JAS NOMAD жобасын іске қосты, деп хабарлайды Azattyq-Ruhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл жоба 2021 жылғы желтоқсанға дейін жастар арасында ұмытылып бара жатқан қазақ дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені ретінде онлайн-форматта өтетін болады.

Жоба жыл соңына дейін жалғаспақ. Контент қазақ және орыс тілдерінде 25 бейнеролик түрінде онлайн шығады.

Ашылу салтанатында жобаның 15 қатысушысы үйретушінің көмегімен киіз үйді жинап көрді
 

Жоба жаттықтырушыларының бірі – «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Батырхан Жұмабаев бұл бастаманың елорда жастары үшін өте маңызды екенін, өйткені ол жастардың ұлттық құндылықтар туралы дүниетанымын кеңейтетінін атап өтті

«JAS NOMAD – қала жастары үшін маңызды шара. Мен жастарды ұмытылған дәстүрлерді жаңғыртуға баулимын. Өйткені өзім тарихшы, этнологпын. Өкінішке қарай, қазір қала мен ауыл арасында үлкен айырмашылық бар. Ауыл жастары қалалықтардан қатты ерекшеленеді. Біз ауылдан шыққанымызды мақтан етуге тиіспіз. Қазақ «Ауыл – ұлттың негізі» деп бекер айтпаған. Бұрын бабаларымыз күздің осы кезеңі – Мизам шуақта киіз үйлерді жинап, тастан, шым кірпіштен салынған күздік баспанаға (күзеу) көшіп, кейін қыстауға қоныстанған. Бұл туралы біз шеберлік-сыныптарда толыққанды айтып береміз», – деді Батырхан Жұмабаев.

Жобаға 14-29 жас аралығындағы ниет білдірген жастар қатыса алады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.