Заңсыз қару-жарақ сақтаған Риддер тұрғыны ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

46 жастағы ер адамның үйін тексеру кезінде заңсыз сақталған қару-жарақ арсеналы табылған

фото ашық дереккөзінен алынды

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғынынан автоматтар, тапаншалар мен граната тәркіленді, деп хабарлайды ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары өңір аумағында «Учаске» жедел алдын алу шарасын жүргізіп жатыр. 

Шара барысында полицейлер Риддер қаласында 46 жастағы ер адамның үйін тексеру кезінде заңсыз сақталған қару-жарақ арсеналын тапты. Нақты айтқанда, 9 мм калибрлі қолдан жасалған тапанша, Калашников және «ППШ» автоматтары, «ТТ» маркалы тапанша, «Тирэкс» маркалы тапанша-пулемет, Ф-1 оқу гранатасы, екі пневматикалық қару мен оқу-дәрілер тәркіленді. Бұл қарулар заңсыз әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін.

«Қазір күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы (қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.