СҚО-да КВИ жұқтыру көрсеткіші төмендеді

Автор: Azattyq Rýhy

Облыста Covid-19 инфекциясын жұқтыру 1214-тен 1062 жағдайға дейін азайған

фото ашық дереккөзден алынды

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру деңгейі соңғы екі аптада 12 %-ға төмендеді, деп хабарлайды СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Соңғы 2 аптада облыста Covid-19 инфекциясын жұқтыру 1214-тен 1062 жағдайға дейін төмендеді. Ауырғандар арасында барлық жас санатының өкілдері бар. 50-59 жастағылар арасында ауырғандар 18 %, 40-49 жастағылардың 13 %-ы қауіпті инфекцияны жұқтырған.

Жалпы індет басталғалы өңірде КВИ жұқтырудың 24 042 жағдайы тіркелді. Олардың 12 %-ы профилактикалық тексеру кезінде сырқаттанғанын анықтаған, 66 %-ы медициналық көмекке жүгінген, ал 22 %-ы байланыста болғандар арасында анықталды.

Өткен жылдың қазан айынан бастап автомобиль жолдарындағы өткізу пункттері арқылы 255 542 адам шекарадан өткен. Қазақстан Республикасының 5 461 азаматында анықтама болған жоқ, олар COVID-19-ға зертханалық тексеру үшін карантиндік стационарларға орналастырылды. Олардың 315-інде тест оң нәтиже көрсетті. 1403 шетелдік азаматқа ПТР анықтаманың болмауына байланысты кіруге тыйым салынды.

СҚО 4 қыркүйектен бастап «сары» аймақта. Алайда мамандар санитариялық шаралар сақталмаған жағдайда инфекция күрт өршуі мүмкін екенін ескертеді.