Ұлттық санақтан онлайн өткендер саны 5 миллионнан асты

Автор: Azattyq Rýhy

Санаққа қатысқан халық үлесі 26,3%-ға жетті

фото ашық дереккөзден алынды

Санақтан онлайн өткендер саны 5 миллионнан асты, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.

22 қыркүйек сағат 15:00-дегі жағдай бойынша 5003105 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 4323686-сы sanaq.gov.kz сайтында, 484878 адам Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 194541 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

Онлайн санақтан өткендер саны бойынша Түркістан облысы алда тұр. Мұнда 603743 тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 527233 адам Алматы облысында тіркелген. 

Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 136773 және 133377 адам санақтан өткен.

Жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Қызылорда облысы алда тұр. Мұнда азаматтардың 43%-ы сауалдарға жауап берген. Бұл көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 35,9%-ы бүгінге дейін санақтан онлайн режимде өткен.

sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болады. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады.