Ресейліктерге «алтын жұмыртқа салатын» тауықты беру – сатқындық: «Тиолайн» ЖШС құрылтайшысы акциясын сатуға қарсы

«Обухов» тау-кен байыту комбинатына қатысты дау жалғасып жатыр

Фотоколлаж

Солтүстік Қазақстан облысында «Обухов» КБК қызметкерлерінің аштық жариялауы жалғасып жатыр. 24 күн бойы қара сумен күн көріп жатқан төрт жұмысшының үшеуінде асқынулар пайда болды. Қазіргі уақытта оларға дәрігерлердің талабы бойынша денсаулығының күрт нашарлауына байланысты аштықты жалғастыруға тыйым салынды. Осылайша нәр татпауды жөн көрген жұмысшылардың ішінде қауіпсіздік бөлімінің маманы Абзал Ибрагимов қана әзірге аштықты жалғастырып жатыр. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен баспасөз конференциясында «Обухов» КБК өкілдері хабарлады.

Белгілі болғандай, осы аптада үш қызметкердің денсаулығы нашарлап, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге тура келген. Бір қызығы, олардың әріптестерінің жедел жәрдем шақырған әрекеттері еш нәтиже бермеген. Нақтырақ айтқанда, науқастарға медициналық көмек сол күйі келмепті. Осыған байланысты кәсіпорын қызметкерлері зардап шеккендерді өз көліктерімен Көкшетауға жеткізген. Дәрігерлер жұмысшылардың жағдайлары нашарлағандықтан аштықты жалғастыруға тыйым салған.

«Екатерина Иванованың екі баласы бар. Дәрігерлер оған «тағы 1-2 күн аш жүретін болсаң өліп кетуің мүмкін» деді. Оның тіпті қозғалысы да азая бастады», - дейді "Тиолайн" ЖШС директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Турихан Алмасбаев.

«Тиолайн» ЖШС құрылтайшысы Виктор Долгалев кәсіпорын жұмысшыларының бұл әрекетін күні кеше ғана Алматыда болған қайғылы жағдаймен салыстырды.

«Бізбен де заңсыз жолмен күресіп жатыр. Аштық жариялау деген не? Яғни адам өз-өзін өлтіріп жатыр. Бірақ олардың басқа амалы жоқ. Мәселен Алматыдағы жағдайда зардап шегуші қолына қару алды. Ал мұнда біз әзірге аштық жариялап отырмыз. Бірақ біз жұмысшыларға өңірдің әділетсіз билігі үшін өлімге барудың қажеті жоқ екенін түсіндірудеміз. Бірақ органның адамына оқ атқаннан гөрі, аштық жариялаған жақсы. Алайда биліктегілер мұны әлі де түсінетін емес», - дейді Виктор Долгалев.

Виктор Долгалевтің жергілікті полицейлерге деген өкпесі қара қазандай. Айтуынша, олар бизнеске байлау қойып, заңсыз әрекеттер жасауда.

«Бізді билік жек көреді. Өйткені біз бұл кәсіпорынның Қазақстанның меншігінде қалғанын қалаймыз. Бұл істі сот аясында шешу керек. Бұл жерге полицияны тықпалаудың не керегі бар? Полиция ешбір себепсіз біздің адамдарды 8 сағаттап қамауда ұстады. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары біздің жүк көліктерімізді жол бойынан тоқтатып, тауарларымызды діттеген жеріне жеткізбеді. Олар қазір ашық аспан астында жатыр», - деді Виктор Долгалев.

«Тиолайн» ЖШС баспасөз қызметі хабарлағандай, пайдалы қазбалардың тау- кен орнын шетелге сату мақсатында кәсіпорынды рейдерлік әрекетпен басып алу аясында комбинаттағы жағдай шиеленісе түсті. Биыл Индустрия министрлігінің бастамасымен КБК әзірлеп жатқан «Тиолайн» ЖШС лицензиясынан айырылғаннан кейін, құқық қорғау органдары кен орнынан өндірілген барлық жөнелтілген өнімдерді тәркіледі. Сондай-ақ, кәсіпорынға электр энергиясын беру уақытша тоқтатылған.

«Тиолайн» ЖШС құрылтайшысы Виктор Долгалевтің айтуынша, компания электр энергиясын өз бетінше қосқан. Осылайша, жарық қайта қосылғаннан кейін комбинаттағы жұмыс қалпына келтіріліп, шамамен 350 адам жұмысқа шықты.

"Компания шілде айындағы сыйақыны төлей алмады, өйткені тауар тәркіленді, шығындар шамамен 250 мың долларды құрайды. Жұмысшылардың орташа жалақысы шілде айында 442 мың теңге болды. Кейбірі 1 млн теңгедей жалақы алды. Бірақ одан кейін тамыз айында тауарлар тәркіленіп, электр қуаты өшіріліген кезде біз жұмысшыларға тиісті жалақына бере алмай қалдық", - деді Виктор Долгалев.

Компанияның баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерге сәйкес, Долгалевтен басқа компанияның заңды және жеке тұлғалардан тұратын 7 акционері бар. Долгалевтің айтуынша, алты қатысушы өз акцияларын «Башқұрт сода компаниясына» сатқан. Ресейлік «ПромАрсенал» ЖШҚ компаниясы атынан кәсіпкердің серіктестері 10 жылдан астам уақыт бойы «Обухов» кен орнында жұмыс істейтін бірлескен компания – «Тиолайн» ЖШС-ны толық бақылауға алуға тырысып жатыр. Алайда қазақстандық құрылтайшы Долгалев өзінің 20 процент акциясын ресейлік компанияға сатуға түбегейлі қарсы.

"Мен өз үлесімді сатпайынша, комбинат қазақстандық болып қала береді. Мен бұл кәсіпорынды ұстап тұрған соңғы тірекпін. Менде акциялардың 20%-ы болған кезде, басқа компанияға беруге заңды негіз жоқ. Менің ойымша, мемлекеттік органдар біздің жағымызда болуы керек – ресейліктерге «алтын жұмыртқа салатын» тауықты беру - сатқындық", - деп түйіндеді Виктор Долгалев. 

Оқи отырыңыз: «Құмар Ақсақалов қызметінен кетсін»: СҚО-да тау-кен комбинатының жұмысшылары облыс әкімінің отставкасын талап етті

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.