ШҚО-да алкогольді ішімдік ішкен 44 жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Панасыз қалған 54 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырылды

фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысында алкогольді ішімдік ішкен 44 жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Облыста 13-19 қыркүйек аралығында «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы жүргізілді. Негізгі мақсат – кәмелеттік жасқа толмағандардың алкоголь, есірткі және психотропты заттарды тұтыну фактісін анықтау, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу.

«Жеті күн ішінде түнгі уақытта көшеде жүрген кәмелетке толмаған 640 бала анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін полиция бөлімшесіне 736 жасөспірім жеткізілген. Бала тәрбиесі бойынша міндетін орындамаған 54 ата-ана жауапқа тартылды. Сондай-ақ алкогольді ішімдік ішкен кәмелеттік жасқа толмаған 44 баланың заңды өкілдеріне айыппұл салынды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.