Стандартты тарифтер бойынша тасымалдау құны шамамен 420 мың теңгені құрайды
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Маңғыстау облысы әкімдігінің сұранысы бойынша осы жылдың бірінші қарашасына дейін жем-шөп тасымалдауға жеңілдік тарифтерін енгізу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
2021 жылдың 20 қыркүйегінен бастап 2021 жылдың 31 қазан аралығында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС – «Маңғыстау ЖК бөлімшесі» филиалының станциясында республикалық қатынаста әмбебап меншікті вагондармен бидай кебегін, құрама жемді, арпаны, астық қалдықтарын, күнжараны, жемшөп ұнтағын, тамақ өнеркәсібінің қалдықтарын тасымалдау мынадай тәртіппен есептеледі:
1) магистральдық темір жол желісі қызметтерінің тарифтері ҚР Табиғи монополияларды реттеу Комитеті белгілеген есептеу тәртібіне сәйкес толық көлемде есептеледі;
2) локомотивтік тартым қызметі мен жүк және коммерциялық жұмыс қызметтерінің тарифтері 0,01 коэффициентімен есептеледі;
3) «Қазтеміртранс» АҚ вагондары үшін жұмыс мөлшерлемесі 0,01 коэффициентін қолдана отырып есептеледі;
4) Басшылықта белгіленген жүктерді тасымалдауға байланысты қосымша қызметтер үшін 0,01 коэффициентін қолдана отырып есептеледі;
5) Магистралды, станциялық жолдарда меншікті вагондардың аялдағаны үшін төлем 0,01 коэффициентін қолдана отырып есептеледі.
0,01 коэффициенті дегеніміз – төмендетілген жеңілдік тарифі.
Мысалы, құрама жем тиелген вагон Қостанай-Маңғыстау бағыты бойынша жіберілетін болса, стандартты тарифтер бойынша тасымалдау құны шамамен 420 мың теңгені құрайды.