Қазақстан Президенті Душанбеде өткен ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен отырысында соңғы айларда Ауғанстандағы әскери-саяси жағдайдың тез өзгеріп, ахуалдың тұрақсыздану қаупі туындағанын атап өтті.
«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының мандатына мұндай сын-қатерлердің алдын алу және оған дер кезінде мән беру мәселелері кіреді. Бұл біздің беделді екі аймақтық құрылым арасындағы іс-әрекеттерді үйлестірудің маңызды екенін көрсетеді. Ауғанстанның уақытша үкіметі алдында аса күрделі міндеттер кешені тұр. Жаңа мемлекеттік құрылымды қалыптастыру және жалпы ұлттық тұтастыққа қол жеткізу сияқты стратегиялық мақсаттардан бөлек күнкөрістің көкейтесті мәселелерін де шешу қажет. Экономиканың қордаланған мәселелерінің шешілуі, түптеп келгенде, Ауғанстан мемлекеттілігінің шама-шарқын айқындайды. Шындығы осы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, дағдарыстан шығу үшін бұл елдегі ішкі ресурстар мүлде жеткіліксіз. БҰҰ-ның бағалауы бойынша Ауғанстан гуманитарлық апат жағдайында тұр.
«Бұл асыра айтқандық емес. Жуық арада Ауғанстан аса ауыр азық-түлік дағдарысына ұшырауы мүмкін. Осы қиыншылық Орталық Азия аймағының да шекарасын айналып өтпейді. Оның салдары жаһандық сипат алады. Аталған жағдай, ең алдымен, тұрғындардың көшуге мәжбүр болуынан туындайды. Алайда, қазір жай болжам жасаудың емес, нақты іске көшудің маңызы зор. Елдеріміз бен ұйымдарымыз деңгейінде Ауғанстан халқына көмектесу үшін «гуманитарлық көпірді» жедел түрде салған жөн. Қазақстанның инфрақұрылымы мен логистикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, мұндай «көпірді» ұйымдастырудың маңызды бөлігі ретінде Алматы қаласында аймақтық хаб құру ұсынылады», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аталған жұмысты Алматы қаласына БҰҰ басшылығының өтініші бойынша қоныс аударған Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясының (UNAMA) мандаты аясында жүргізуге болады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты ШЫҰ мемлекеттері басшыларының бүгінгі отырысында айтты.
«Гуманитарлық дағдарыстың ауыр кезеңін еңсергеннен кейін алдағы уақытта Ауғанстанға түрлі бағыттар бойынша БҰҰ институттарының тарапынан жүйелі қолдау қажет болады. Алматыда БҰҰ-ның Аймақтық хабының құрылуы бұл жұмыстарды үйлестіру үшін оңтайлы мүмкіндіктерге жол ашады», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ауған мәселесі бойынша өзара іс-қимылдар жүргізгенде ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің кезек күттірмейтін міндеттерін шешуден бөлек, келешекті де назардан тыс қалдыруға болмайтынын атап өтті.
«Саяси және гуманитарлық ахуал қалай қалыптасса да, адами капиталға тартылған инвестиция ғана ұзақмерзімдегі орнықты болашақты қамтамасыз ете алады. Осыған байланысты аталған елдің азаматтары үшін білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру ісін жалғастыру маңызды. Бүгінде Қазақстанда Ауғанстанның 200-ге жуық студенті білім алуда. Ауғанстанның жаңа билігі бұл жастардың жоғары білім алуына еш кедергі жасамайды деп үміттенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің пікірінше, ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Ауғанстанның жаңа билігімен бейресми диалог құруға бастама жасағаны жөн.
«Мұндай байланыстар тәліптердің шынайы ниетін бағалауға, аймақтық тұрақтылықтың сын-қатерлеріне қатысты пікірлерді қалыптастыруға, осы елмен сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Осы ретте, ресми түрде мойындау туралы сөз болып отырған жоқ. Көп нәрсе жаңа әкімшіліктің алдағы нақты іс-әрекеттеріне және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті шешімдеріне байланысты болатынын тағы да қайталап айтамын», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер мүдделерінің сәйкес келуі және олардың бірлескен күш-жігері аймақтың қауіпсіздігі мен орнықты дамуының өзекті мәселелерін шешу жөніндегі ортақ іс-қимылдардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.