Байзақтағы жарылыстан қаза тапқан әскери прокурордың құрметіне мемориалдық тақта ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Мемориалдық тақтаны марқұмның анасы ашты

Арман Қапезов, марқұм

Тараз қаласында, қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери прокурор, әділет полковнигі Арман Қуанышұлы Қапезовты еске алу мақсатында Оңтүстік өңірдің әскери прокуратурасы ғимаратының қасбетіне орнатылған мемориалдық тақтаның ашылуы өтті.

Рәсімді Бас әскери прокурор әділет генерал-лейтенанты Дастан Сартаев пен Арман Қуанышұлының анасы Ділда Қапезова ашты.

Арман Қапезовтің ерлік іс-әрекеті ешқашан ұмытылмайды және жас ұрпақ оны әрдайым есте ұстауы керек.

«Арман Қуанышұлы адамдарды топтастыра білетін және әріптестер арасында құрмет пен беделге ие болатын. Ол өзінің мықты ішкі мәдениетімен, ерекше ақылымен және жоғары адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленетін. Арманның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі қалады», – деді Дастан Сартаев.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылғы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданының №28349 әскери бөлімінде оқ-дәрілердің жарылуынан Оңтүстік аймағының әскери прокуроры қаза тапқан болатын. Оның төрт баласы қалды.

Ерлігі мен жанқиярлығы үшін Арман Қапезов Мемлекет басшысының жарлығымен І-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды (қайтыс болғаннан кейін).

Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс салдарынан жалпы саны 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды.

Қаза тапқандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.