«СҚ-Фармацияның» экс-басшысына қатысты жаңа жаза тағайындалды
Берік Шәріпті үш жарым жылға бас бостандығына айыру жөнінде жаза тағайындалды
«СҚ-Фармация» ЖШС басқармасының бұрынғы төрағасы Берік Шәріпке қатысты ақтау үкімінің күші жойылып, жаңа жаза тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, Берік Шәріпке ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша «лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, тергеу нұсқасы бойынша дәрігерлердің жаппай вирус жұқтыруына әкеп соқтырды» деген айып тағылды. Алайда бірінші инстанция соты оны ақтады. Судьяның айтуынша, вирус жұқтырған дәрігерлерді табу мүмкін емес. ҚР ҚК 287-бабы 2-бөлігі бойынша ол кінәлі деп танылып, 1 000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде 2 миллион 778 мың теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
Бүгін апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, Берік Шәріпті кінәлі деп таныды және оған 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде жаңа жаза тағайындады.
«Сот алқасы прокурордың дәлелдері мен қорғаушы тараптарды зерттеп, бірінші сатыдағы сот дұрыс емес баға берді деген пікірге келді. Жаңа айыптау үкімі шығарыла отырып, сот үкімінің күші жойылды. Адвокаттың шағымын қанағаттандырудан бас тартылды», - делінген хабарламада.
Шәріпке қатысты күзетпен ұстау шарасы тағайындалды. Сот оны дереу қамауға алуға шешім қабылдады. Оның жазасын өтеу мерізіміне 2020 жылғы 12 тамыздан 2021 жылғы 4 тамызға дейін күзетпен ұстау уақыты кіреді.
Сотта жаңа үкім түсіндірілді:
«Сот алқасы бәрін зерттеп, бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларына дұрыс емес баға берді деген қорытындыға келді. Соттың сотталушының кінәсіздігі туралы тұжырымы Шәріптің іс материалдарына негізделмеген және заң талаптарына сәйкес келмеген. Алқа «СҚ-Фармация» ЖШС басшысы Берік Шәріп тендерлік комиссияның төрағасы бола тұра, бір реттік әкелуге рұқсаттың болмауы себебінен Түркия мен Үндістан өндірісінің толық жиынтығындағы жеке қорғану құралдарын жеткізуді ұсынған «Медикал» ЖШС және «Ника-фарм» ЖШС екі потенциалды өнім берушінің өтінімдерін қабылдамағанын дәлелдеді. Алайда, «Инкар» ЖШС-нен тек комбинезондар кіретін бір реттік жеке қорғану құралдарын жеткізу туралы коммерциялық ұсыныс алған Шәріп тендерлік комиссия құрмай, осы ЖШС-мен Қытайдан 8,3 млрд теңге сомаға 2 млн костюм жеткізуге шарт жасасу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте «Инкар» ЖШС-да да жеке қорғану құралдарын бір реттік әкелуге рұқсаты болған жоқ. Сатып алынатын жеке қорғану құралдарының техникалық сипаттамасы «Инкар» ЖШС-нің коммерциялық ұсынысында заңсыз өзгертілді. Жиынтықтан қолғаптар, маскалар, көзілдіріктер алынып тасталды, ал тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне потенциалды жеткізушілердің жоқтығы туралы жалған ақпарат ұсынылды».
Берік Шәріп 2020 жылғы 21 сәуірден бастап тегін медициналық көмек көлемін қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу жөніндегі дистрибьютор компанияны басқарды. Бұған дейін «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарған. Өткен жылдың 10 шілдесінде ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін қызметінен босатылды.
2020 жылғы 14 тамызда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оны ұстап, Нұр-сұлтан қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамады. Шәріпке қатысты «ТЖ кезінде ауыр зардаптарға әкеп соққан медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша» іс қозғалды.
«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысының ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы «ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» және 287-тармағы, 2-бөлігі «қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша қаралды. Атап айтқанда, СҚ-Фармацияның бұрынғы басшысы 2020 жылдың сәуір-мамыр айларында дәрігерлердің жаппай коронавирус жұқтыруына жол берді деп айыпталды.