Мамандар Кіші Талдыкөл суын тазартпаса қоқиқаз балапаны ұзақ өмір сүре алмайды дейді
Кіші Талдыкөлге қоқиқаздар ұшып келді деген мәліметті «Байтақ Болашақ» экологиялық ұйымының мүшесі Бақытгүл Турамиева жоққа шығарды. Айтуынша, бұл жекелеген адамдардың ісі болуы мүмкін.
«Кіші Талдыкөлге қоқиқаз құсы ұшып келді деген ақпарат шындыққа сай келмейді. Әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан суреттерге қарасақ балапан құстар екенін байқауға болады. Бұл сөзімді жануарлар, құстар мәселесімен айналысатын мамандар да дәлелдейді. Сондықтан қоқиқаз балапаны өздігінен ұшып келеді деген ақылға қонымсыз. Бұл біреулердің ісі деп ойлаймын», - деді Бақытгүл Турамиева.
Экологтың айтуынша, Кіші Талдыкөл суын тазартпаса қоқиқаз балапаны ұзақ өмір сүре алмайды.
«Бұл орында қоқиқаздар ұзақ өмір сүре алады деп ойламаймын. Кіші Талдыкөлдің суы өте лас. Қоқиқаздарға арналмаған. Бұл құстың өмір сүріп кетуіне болады. Ең алдымен оларға ешкім тиіспеуі қажет. Суы тазалануы тиіс», - деді «Байтақ болашақ» экологиялық ұйымының мүшесі.
Айта кетейік, бұған дейін «Байтақ Болашақ» экологиялық ұйымының жетекшісі Азаматхан Әміртай Кіші Талдыкөл жеріне жекелеген азаматтар қызығушылық танытып отырған болуы мүмкін деген болжамын айтты.