Кіші Талдыкөлдің айналасын абаттандыруға тұрғындар неліктен қарсы
Экологтар абаттандыру жұмыстарын қазір бастамаса, бірер жылда Кіші Талдыкөл жойылып кетуі мүмкін екенін айтады
Тереңдігі былтыр 70 см болған Кіші Талдыкөл биыл жарты метрге қысқарды. Жыл санап тарылып бара жатқан көлшікті сақтап қалу үшін не істеу керек? «Байтақ Болашақ» экологиялық ұйымы Нұр-Сұлтандағы Кіші Талдыкөл проблемасын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Кіші Талдыкөл о баста бірнеше бөліктен тұратын. Қазір біздің талқылап жатқанымыз соның қалған бөлігі ғана. Эколог маманы болған соң оның суын сақтап қана қоймай жұртқа қолайлы орын болғанын қалаймыз. Кіші Талдыкөлдің аясы жыл өткен сайын тарылып, суы таязданып барады. Былтыр тереңдігі 70 см болған су биыл небәрі 20 см. Бір жылда суының тереңдігі 50 см-ге азайды. Суы буланып, құрғап барады. Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі бұл проблемаға бей-жай қарамай, абаттандыру туралы шешім қабылдап отыр. Бұл экологтардың кішкентай да болсын жұмыстарының жемісі», - деді «Байтақ Болашақ» экологиялық ұйымының жетекшісі Азаматхан Әміртай.
Оның айтуынша, Кіші Талдыкөл аумағын абаттандыру үшін шамамен 5 млрд теңге жұмсалуы мүмкін. Дегенмен, бұл жұмысқа сол маңайда тұратын тұрғындар қарсылық білдіріп жатқанын ерекше атап өтті.
«Тұрғындар абаттандыру жұмысына түбегейлі қарсылық танытып отыр. Жоғары қабатқа шығарып Кіші Талдыкөл көрінісінің әдемілігін айтады. Бұл әдемілік бірер жылда жойылып кетеді, оның қайнар көзі, басқа өзен-көлдермен еш байланысы жоқ. Осы қалпында тұра берсе санаулы жылда жойылып кетуі мүмкін. Суы құрғаған соң онсызда кәріз қалдықтары төгілген орын сасып, қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Ең алдымен қарсы болып отырған сол Кіші Талдыкөлдің маңайындағы тұрғындарға қауіп тудырады. Балалары ауырып, түрлі инфекциялармен ауыруы мүмкін», - деді эколог маман.
Азаматхан Әміртай сөз арасында қала тұрғындарының қарсы болып, резонанс тудыруы тегіннен тегін емес деген күмәнін жеткізді.
«Кіші Талдыкөл туралы даудың артында кімнің тұрғанын біле алмай отырмын. Маңайындағы тұрғындардың жаппай қарсы шығуы жекелеген бизнесмендердің ісі ме деп ойлаймын. Себебі қала аумағындағы жер бағасы өте қымбат. Кіші Талдыкөлдің ертеңгі құрғап қалатын жеріне қызығып отырғандар бар сияқты», - деді ол.
Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 20 гектар аумақты алып жатқан Кіші Талдыкөл суын толтырып, маңайын саябаққа айналдырмақ. Суы кеуіп кетпес үшін түбін тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Қазір жобалау-сметалық жұмыстар жүріп жатыр.
Айта кетейік, Кіші Талдыкөл суының үлкен Талдыкөлмен еш байланысы жоқ. Тиісінше, жерүсті және жерасты сулары арқылы өзара қосылмайды.