Қазақстан Тәжікстанға әскери көмек көрсетпек

Автор: Azattyq Rýhy

Заң жобасын Парламент бекітсе, Тәжікстанға 3 миллионнан астам қару-жарақ жіберіледі

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Парламент Мәжілісінде Қазақстан мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарды қауіпсіздік қамтамасыз етуде әскери техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау мәселесі қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Аталған келісімге 2021 жылғы 12 шілдеде Нұр-Сұлтанда қол қойылды. Келісімге сәйкес Қазақстан Республикасы Тәжікстанға әскери мүлікті өтеусіз беру түріндегі әскери көмек көрсететін болады. Комитет осы заң жобасын жұмысқа қабылдап, тиісті қорытынды әзірлеуге дайын. Қолдауларыңызды сұраймын», - деді Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан.

Бұл ұсынысты дауыс беру қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары қолдады.

Айта кетейік, Парламент заң жобасын бекітсе, Қазақстан Тәжікстанға әскери көмек ретінде 3 миллионнан астам оқ-дәрі береді.