ШҚО-да 99 оқушы коронавируспен ауырып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір өңірде 103 сынып қашықтықтан оқыту форматына ауысты

Фото: ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысында 647 жалпы білім беретін мектеп бар, соның ішінде 59 мектепте 103 сынып қашықтықтан оқыту форматына ауысты, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Мектептерде жаңа оқу жылы дәстүрлі штаттық форматта басталғандықтан, COVID-19 коронавирустық инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл мектептерде оқу процесі санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды және күшейтілген медициналық бақылауды сақтай отырып ұйымдастырылуда.

Оқу жылы басталғалы бері (01.09.2021 ж.бастап 13.09.2021 ж. дейін) мектеп жасындағы балалар арасында коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың 217 жағдайы тіркелді, оның ішінде 118 бала (54,4%) каникул кезінде білім беру объектілеріне бармай ауырған, қалған 99 бала (45,6%) оффлайн режимде оқып жүргенде ауырған.

Бүгінгі таңда 59 мектепте 103 сынып қашықтықтан оқыту форматына ауысты, карантинге жабылған мектептер жоқ.

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «2021-2022 оқу жылында білім беру ұйымдарында коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» 2021 жылғы 25 тамыздағы №36 қаулысының 3-тармағы 1-тармақшасына сәйкес, карантинді енгізуге сараланған тәсілді қолдану қарастырылған:

  • – сыныпта (топта) COVID-19 ауруының 1 жағдайы тіркелген кезде – сынып (топ) 14 күн бойы үй карантиніне оқшаулауға жатады;
  • – бір ауысымның 30%-дан астам сыныптарында COVID-19 ауруының жағдайлары 1 инкубациялық кезеңде орта білім беру ұйымында тіркелген кезде – ауысым 14 күн бойы үй карантиніне оқшаулануға жатады;
  • – колледждерде, жоғары оқу орындарында COVID-19 ауруының 1 инкубациялық кезеңінде бір ағын топтарының 30%-дан астамы тіркелген кезде – ағын 14 күн бойы үй карантиніне оқшаулануға жатады.

Бүгінгі күні өзін-өзі оқшаулау жағдайлары мен шектеу талаптарын  қатаң сақтай отырып, инфекцияның таралу тізбегін бұзуға мүмкіндік беретін алдын-алу және профилактикалық тиімді әрекеттер мен шаралар бойынша жұмысты жалғастыру барлығымыз үшін өте маңызды.

Қазіргі уақытта карантин мен шектеу шараларынан тез құтылудың  бірден бір жолы – коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алу және шектеу шаралары мен карантин талаптарын қатаң сақтау.