Қала тұрғындарын тұмауға қарсы вакцинациялау үшін елордаға 160 мың доза вакцина жеткізілген
Елордада 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында қала тұрғындары тұмауға қарсы екпе ала алады. Елорда әкімдігінде өткен онлайн-брифинг барысында мамандар тұмауға қарсы екпені қалай алуға болатыны туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Біз 15 қыркүйектен бастап жыл сайын алдын-алу мақсатында жүргізілетін тұмауға қарсы вакцинацияны бастаймыз. Вакцинация 15 қазанға дейін жалғасады және ол бекітілген жердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жүзеге асырылады. Оны белгілі бір санаттағы адамдар тегін ала алады, қалған азаматтар өз емханалары мен жеке ұйымдарына жүгіну арқылы өз есебінен вакцинациялана алады», - деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
Ведомство басшысы өз сөзінде вакцинация қазіргі уақытта қауіптің алдын-алу үшін ең жақсы құрал екенін еске салды.
«Вакцина ауыр асқынуды, тіпті өлім қаупін азайтады. ДДСҰ мәліметтері бойынша вакцина 18-64 жас аралығындағы сау ересектерде инфекцияның шамамен 60%-ын болдырмайды. Тұмауға қарсы вакцинаны алған соң тиімділігі шамамен 14 күннен соң білінеді», - деді Т. Мұратов.
Оның мәліметінше, қала тұрғындарын тұмауға қарсы вакцинациялау үшін елордаға 160 мың доза вакцина жеткізілген. Біз 3 600 мектеп оқушысын, 1 900-ге жуық жүкті әйелді, 2 500 медицина қызметкерін, созылмалы аурулары бар 13 000 ересекті тұмауға қарсы тегін егуді жоспарлап отырмыз.